Қызыл көктем зауалы
Все права защищены. Данная электронная книга предназначена исключительно для частного использования в личных (некоммерческих) целях. Электронная книга, ее части, фрагменты и элементы, включая текст, изображения и иное, не подлежат копированию и любому другому использованию без разрешения правообладателя. В частности, запрещено такое использование, в результате которого электронная книга, ее часть, фрагмент или элемент станут доступными ограниченному или неопределенному кругу лиц, в том числе посредством сети интернет, независимо от того, будет предоставляться доступ за плату или безвозмездно.
Копирование, воспроизведение и иное использование электронной книги, ее частей, фрагментов и элементов, выходящее за пределы частного использования в личных (некоммерческих) целях, без согласия правообладателя является незаконным и влечет уголовную, административную и гражданскую ответственность.
Өмірімде басымнан кешірген барлық қорқыныштан жетектеп өткізген анама
1-бөлім
Қызыл дақ
Көктем биыл ерте шығып, бірнеше күн сіркіреп жауған нөсерден кейін маңай жаппай көктеп, құлпыра түскен. Күннің қызуы да артып, нұрына шарпылғандай қызғылт гүл қаулап қауыз жарып, ауылдан қалаға қарай шығаберістегі алқап әдемі кілемге айналып, көкжиекпен астасып, кең даланы қызыл түске бояп тастағандай әсер қалдырады. Табиғаттың мұндай ғажайып көрінісін тоқтап тамашалау, жаңа ашылған гүлдің жұпар иісін кеудені кере жұтып рақаттану талайды қызықтырары анық.
Гүл жайлаған алқап құс ұшатын биіктіктен қызыл дақ секілді көрінсе де, самал желмен толқындана жайнап, жолаушының жанарын бірден жаулап алатыны — түсінікті жайт. Гүлдің шет жағындағысы нәп-нәзік қызғалдаққа ұқсағанымен, ортасына бойлай енген сайын түрленіп, райхан тәріздес, сабағы тікенекті жабайы гүлге айналады екен. Аралай берсең, шырмауық сияқты созылып жатқан түрін де ұшырастыруға болады.
Байсала ауылы қаладан жырақтағы тұйықта, тау ішінде орналасқандықтан ба, бұл жақтың табиғаты әлі адамзаттың уытты табанымен таптала қоймаған, пәк күйінде жатқандай. Бәлкім, мұнда бір гәп те болар… Бұл маңдағы алқапта ертеректе тек қызғалдақтар мен сарғалдақтар өсуші еді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, он жылдай бұрын осы маңды қызыл гүлдің ерекше бір түрі жерсініп, біртіндеп алқапты басып алған.
Бұған көпшілік көндіге алар емес, қызыл алқаптың күндізгі көрінісі соншама әп-әдемі болғанымен, кейін жиі орын алған келеңсіз оқиғалар жергілікті елдің жауығуына әкеліп, кейбіреулер күз мезгілінде жел жағынан өрт қойып, алқаптағы гүлді отқа орандырып жоймақ та болды. Бірақ жабайы гүлден оңай құтыла салу мүмкін емес екен, көктемде қайтадан өртең жердің үстіне өршелене қаулап шығып, қаламен қатынасқан жолаушылардың із-түзсіз жоғалуы жиілей түсті.
Қаламен қатынастың тек жалғыз жол арқылы жүзеге асырылуына байланысты жолаушылаған ел үнемі аталмыш қызыл алқапты басып өтуге мәжбүр болатын. Бұл жазықтың қақ ортасынан жарып салынған тас жолдың асфальты жыл сайын сапасына аса мұқияттықпен қарап салынса да, көктем шыға асты ойдым-ойдым жарылып қопарылып, жөндеуді қажет етіп тұратындығы ауыл әкімшілігінің бірден-бір түйткілді мәселесіне айналған. Әкімді сыртынан табалап, жемқор деп жазғырғандардың сөзі өтіп, тексерістер жиілеп, бірнеше әкім ауысып та үлгерді. Бірақ жол жылда қар кете шұрық-шұрық тесіліп, шұңқырланып жатқаны…
Біраз уақыттан бері халық арасында «жолаушылардың жоғалуына бірден-бір себеп — осы гүлді алқап, сол маңнан жүрсең, жер жұтып алады» деген қауесет тарап, тұрғындардың зәресін ұшырып, көпшілік кешкісін жол жүруден қалған еді. Бастапқыда некен-саяқ кешқұрым жүрген еркектер жоғалса, кейін күндіз жолға шыққан ер адамдардың да себепсіз ғайып болып кетуі орын алған. Көпшіліктің бұған сенгісі келмесе де, жоғалғандардың жиілеуі халықтың наразылығын тудырып, полицияға арыз түсіп, іздестіру шаралары да ұйымдастырылған болатын. Алайда қомақты жұмыс атқарылса да, нәтижесіз қалды, «мұның мәнін қайтсем де табамын» деп жігерлене іске кіріскендердің талайы хабарсыз жоғалып кетті.
Ауыл білгіштерінің пайымдауынша, «қызыл гүлдің қауызы ашылған кезде жан-жаққа таралатын жұпар иісінен қауіптену және тікенектері денеңді сырып, жарақаттанып қалудан сақтану керек». Ол алқапқа күштеп айдасаң да, ешқандай мал аяғын баспайды екен, тіпті үлбіреп көз қызықтыратын жапырақтарын да аузына алмайтынын бақташылар байқапты. Содан бері малды жайылымға шығаратын өрісті өзгертіпті, үлкендер бұл алқаптан аулақ жүруге ұйғарым жасап, бала-шағаға олай қарай жақын жоламауға кеңес берген екен.
Бірақ жастардың кейбіреулері бұған салғырт қарап, күнделікті күйбеңдерімен жолға алаңсыз шыға беретін еді. Жақында шаңырақ көтерген Мейрам мен Гүлбақыт та қалаға жету үшін жолға таңертең шықпақ болса да, сәскеге қарай ғана реті келіп, ауылдан шығаберістегі қалқаймаға беттеді.
Айнала тым-тырыс, қызғылт гүл жайлаған қара жол жиегінде сөмкесін арқалап, Гүлбақыт алыстан машинаны күтіп әлі тұр. Алаңсыз жол жаққа қарап тұрған ардақты жарына сыртынан сүйсіне көз салып, ауылда өскен жеткіншектер сындырған аялдамадағы орындық қаңқасының үстіне күйеуі Мейрам жайғасып алған. Бір адам ғана отыруға мүнкіндік болғандықтан, келіншегі тұрып жол күтуді жөн көрді. Жүргеннен шаршауы тез күйеуінің бұл сапарға құлқы әуелден болмай, жас әйелін қалаға жалғыз жібермеу керектігінен амалсыз жолға шығуға көнген еді.
Жастайынан Байсала ауылынан табиғат аясына көп шықпағандықтан ба, басқа ауылдастары бұл алқап жөнінде небір қорқынышты хикаялар таратса да, Мейрам оған мән бермейтін. Ары-бері өткен сайын осы ерекше гүлдерге қызығатын, жұпар иісі мұрнын қытықтап, санасын елжіретіп жібергендей болатын. Бұл алқаптың адамдардың жоғалуына себепкер екеніне ол мүлдем сенбеді. Гүлді алқаптың көктемгі тамаша иісі мен жайылған алқызыл кілемдей көркін тамашалауға тағы бір мүмкіндік туғанына дән риза. Табиғаттың керемет көрінісін қызықтау болмаса, оны жою, оған залал келтіру әдеті кішкенесінен оның бойына сіңбеген еді. Аңшылыққа құмар әкесі оны өзіне тартып, мылтық атуға үйретіп, жастайынан аң аулауға баулығанымен, ұлын өз ұстанымына бейімдей алмады. Баласының аң ату тұрмақ, күнделікті қажеттіліктен туындайтын тауық, мал союдан, қызыл қан көрсе, қашатын әдеті әуелден қалыптасып қалған, енді оны өзгерту мүмкін емес шығар. Бірақ мына қызыл алқапқа құштарлығы аяқастынан пайда болған сияқты.
Жол бойлаған екі жолаушы қонаққа келіп, кері қалаға қайтарында ала кетпек болып келіскен Гүлбақыттың інісін күтуде. Алайда түні бойы жұмысынан әкелген қағазымен әуре болған інісі Фархат жол бойында әлі жоқ. Екеуі миды қайнатып жіберердей ыстықта оның келуін күтіп, біршама уақыт тұрып қалды.
— Фархат келмейтін секілді ғой бүгін…
— Мейрам, сәл шыдашы. Оның жұмысы ауыр, әлі ұйықтап жатқан шығар.
— Таң атпастан дәрігерге бармай-ақ, оны бірінші оятып, жолға сонымен бірге шығу керек еді ғой, — деп, өзінің іштей наразылығын білдіріп өтті. Шыжыған ыстықтың әсерінен болар, әдетте ұяң мінезді жігіт дауысы көтеріліп, айғайға көшті. — Менсіз де қалаға барып келуші едің ғой. Таң атпастан итеңдеп қасыңда жүрмін. Маған қандай дәрігерге баруың керектігін де айтпайсың.
— Ойнап жүрген жоқпын, Мейрам. Ауылдағы дәрігер келуің қажет деген соң ғана таңертең барып, одан керекті қағазды алдым, ол мені қаладағы дәрігерге жіберді, — деді де, қолындағы сөмкесінен кішігірім парақтарды алып шығып, оған көрсетті. — Мен ертең өліп қалсам, көмуге де ерінетін шығарсың, — деп, келіншегі көзіне жас алып, оның жазғыруын көтере алмағанын байқатты.
Гүлбақыт күйеуіне жүкті екенін айтуға асықпады. Екі-үш күн бұрын арнайы тестілеуден өтіп, оның нәтижесін де сөмкесіне салып алған еді. Бірақ неге екенін өзі түсінбесе де, тестінің қателескеніне сенімді болып, іште баланың жоқтығын анықтау үшін осы сапарды ұзақ күткен. Ауылдағы медбикенің айтуынша, баланың бар екенін не жоқ екенін қанға сараптама жасау арқылы дәл білуге болады. Оған дейін әйелі тіс жармай, жүрек астында өмірдің пайда болғанына сенбей, бас ауруын сылтауратып, күйеуін өзімен ертіп шыққан.
Өр мінезді әйелінің жылағанын көріп, өзінің қателігін түсінген ер жігіт тілін тістеп, оның денсаулығына алаңдай бастады. Оның не жасырып, дәрігерге бармақшы екенін білмеген соң, ішінен одан айырылып қаламын деген үрей де туындады. Ашуы басылып, Мейрам Гүлбақытқа басқа көзбен, сүйсіне қарады. Ұзын шашын екіге жарып, әдемілеп өрген қос бұрымы қыпша белін бойлай салбырап, төменгі ұшы шашырай желмен желбіреп, қалаға деп арнайы киген маржандай жарқыраған ақшыл көйлегіне жарасып тұр. Көркі көктемгі даланың жұпар иісімен астасып, ерніне жаққан қызыл далабы онсыз да сұлу келбетін одан сайын әрлей түскендей. Төскейге көтерілген күннің нұры да сүйікті зайыбының ажарын әсемдеп, қараған адамның назарын лажсыз өзіне аударатындай әсер қалдырады. Әйелімен салыстырғанда қара шалбар мен қара жейде киген Мейрам анағұрлым жұпыны көрінді. Күннің көзінен қалқайманың астын паналаған оған темір орындықтың үсті жағып, біраздан соң Мейрам жантайып, көзіне ұйқы тығылғандай болды.
— Фархатты көрсең, оятарсың… — деп, балдызының жөнсіз кешіккеніне бұлданғанын тежей алмай, әйелін сөзбен бір шымшып өтті.
Күткендеріне жарты сағаттан асты. Маңдайдан аққан тер астындағы асфальтқа тамып, пыш-пыш етіп лезде кеуіп кетуде. Келіншегі болса қабартқан күйінен әлі арыла қоймаған.
«Осы неге бүгін қалаға шығуымыз керек еді? Бас ауырды, дәрігерге барамын деп, таң атқаннан бастап дуылдап, ақыры енді жол тосып отырмыз. Құрбылары бәрі жұмыста. Іші пысып, жұмыс таба алмай жүрген — менің жарым ғана. Арқасына қарасаң, ол да күнге қарылып, аққан тері белшесіне дейін жетіпті. Обал жоқ». Мейрамның шыдамы сарқылуда. Өзі де аса жұмыскерлігімен айрықшаланбаса да, ол жатып алып, әдеттегідей төңірегіндегі елді жамандауға бейім еді. Бірақ Мейрам қанша ішінен кіжінгенімен, жарының сұлулығына тәнті болып, оны ренжіткісі келмейтін. Ал ол болса оған мән бермей, қолындағы сөмкесінен кішігірім парақты қолына қайта-қайта алып, тексеріп, орнына салып қоюда.
Шыжи түскен күннің көзінде тұрғандарына біраз болса да, намысқа тырысып, серейіп жол күткен Гүлбақыттың қақайған күйінен қайтар түрі жоқ. Оған сүйсіне қарап отырған Мейрам уақыт өте оны орынсыз жазғырғаны үшін кешірім сұрағысы келіп, әйелін аяп, орнынан тұрды. Бірақ үйленгендеріне үш-төрт айдай болса да, әуелгі қызбен сөйлесуге шорқақтығынан әлі арыла алмаған ол бірден не айтарын білмей, жай ғана көзін көлеңкелеп тұрған келіншегінің қолын алып, өзіне қарай тартты.
— Ей, не істемексің?
— Кел, отыршы. Әйтпесе үйге қайта берейік, келмейді бауырың.
— Сен ұйықтап жатқанда мамам телефонын көтеріп, бері қарай шыққанын айтты. Осы менімен бірге қалаға шыққаныңда кері тартқылай бермей, барып, ана орныңа отыршы, — деп, көңілсіз кейіппен қарап, білегін еппен жұлқылап, уысынан шығарып алды.
«Үйге кете берсем бе екен? Баратын жеріне өзі-ақ жетер…» деген оймен ызаланып, Мейрам орнына қайтадан оралып, жайғаса бастаған кезінде ауыл жақтан бері қарай жүйткіген ақ түсті жаңа көлікті алыстан көзі шалды. Мұның Фархаттікі еместігін машинасының бояуы жарқырап тұрғанынан түсінуге болады. Фархаттың көлігі ондай емес, сарғыштанып, ақ түсі оңғанына біршама уақыт өткен шығар.
— Мейрам, тұр, ана машинаны тоқтат, — деп, әйелі долдана күйеуін жұлқылай бастады.
— Бұл Фархат емес қой, — десе де, әйелінің қоқилана киліккен тұрпатына қарап, бәрібір айтқанын жасататынын біліп, орнынан тұрып, ол жол бойында қолын көтерді.
Абұйыр болғанда, әлгі көлік өтіп барып тоқтады, оң жағындағы алдыңғы есігі сәл ашылғанын байқап, Мейрам жылдамдата оны айқара ашты. Іштен кондиционердің салқын лебін сезіп, денесі рақаттанып, сәл де болса оны соза түсуге аңсары ауды. Қалаға апаруға келіспесе де, оны-мұны сұрастырып, мына қапырық ыстықтан аз-маз тасаланып, салқындап алмақ болып, Мейрамның алдыңғы орындыққа отыра кеткені сол еді, машинаның есігі өздігінен жабылып, құйындата алға жылжыды. Қапелімде сасқалақтап қалса да, әйелінің қалып қалғаны есіне түсіп:
— Тоқта, әйелім қалып қалды, екеуіміз қалаға бірге бармақпыз! — деп, қасында отырған жүргізушіге қараса, жанында сылқ-сылқ сыңғырлай күлген жас қыз отыр екен.
Неге екенін түсінбей, жүргізушінің түлкідей сызылған көздерінен бірден шошып кетті. Оның жанарына тіктеп қараған сайын жігіттің көзі қарауытып, жайсыз күйге түсті. Өне бойынан қуат кетіп, әлсірей бастағандай, денесі тітіркеніп, түйсігі үрейлене дабыл қаға бастады.
— Саспа, Фархатыңды да жолай мінгізіп алдым, — деп, жүргізуші қыз артқы орынды меңзеді.
Шынымен де, артқы орындықтағы екі адамның біреуі Фархат екен, іргеге басын қисайтып ұйықтап қалыпты. Ал қасындағы қыз жүргізушіден айнымайды, тура сыңары дерсің, түр-тұрпаты бір-біріне қатты ұқсайды екен. Екеуі егіз секілді. Бірдей сылқ-сылқ күліп, кеудесіндегі жанын бүрістіріп, оны аңырайып ашылып қалған аузынан бірден суырып алатындай болды.
— Тоқтатыңдар, сыртта әйелім қалып қалды! Сендер өзі кімсіңдер? — деп, не болғанын түсіне алмай, есін тезірек жиюға тырысып, оның сөзіне мән бере қо…