Фрагмент книги «Жан сырым»
Содан бері әнге деген ынтықтығым, құштарлығым арта түсті. Ән айту — мен үшін сиқыр. Мен ән айтқанда өз билігім өзімде болатын. Әннің тілі еркін, ән айтқан кезде «сәлем, қал қалайдан» әлдеқайда тереңірек сырларды жеткізе аласың. Ән айтқанда тілдің маңызы жоғалып, бәрі де мүмкін болатын сиқырлы мекенге тап боламын.
Бар арманым — өмірден алшақтап, сезімдерімді еркін білдіру. Жалғыз қалғанда санам уайым мен қорқынышқа толатын. Музыка мені әлемнің шуынан құтқарып, өзіме сенім сыйлап, өзімді өз қалауымша танытып, тыңдауға жол ашты. Ән арқылы құдіретті күштің барын сезініп, бұл әлемнен жырақтайтынмын. Өзге балалар секілді аулада ойнап жүрсем де, ойым мен сезімім бөлек мекенге самғайтын.
Өз ісіме тыңғылықты едім. Құрбымның ауласында Мерайя Керидің әндеріне бейнебаян түсіріп ойнағанымды ойын деп ойламадым. Сегіз жасымда өзімді режиссер ретінде көрдім. Мен тұрған қалада ешкім мұндай іспен айналыспағандай. Әйткенмен бұл өмірден не қалайтынымды біліп, соған жетуге тырыстым.
Өнер жолында жүрген, әртүрлі рөлдер сомдайтын әртістер бұл әлемнен жырақтағысы келеді, мен де соны қаладым.
Өз қиял әлемімде өмір сүргім келді. Ән шындық пен қиялды, осы өмір сүріп жатқан әлем мен өмір сүргім келетін әлемді жалғайтын көпір еді.
Отбасыма қасірет үйір еді. Екінші атым әкемнің анасы Эмма Джин Спирстің есімінен шыққан. Мен оның суретін көргенде ғана неге жұрттың бәрі бізді ұқсататынын түсіндім. Шашымыз да, күлкіміз де ұқсас. Өз жасынан жас көрінетін.
Оның күйеуі — атам Джун Спирс оған қорлық көрсеткен екен. Джин баласынан босанғанына үш күн болмай айырылып қалады. Джун Джинді Оңтүстік-шығыс Луизиана ауруханасына, Мандевиллдегі ең нашар жерге апарып тастап, оған литий (дәрі) береді. 1966 жылы, отыз бір жасында, сәбиі шетінегеннен кейін сегіз жыл өткен соң Джин оның бейітінің басында өзін-өзі атып өлтірген. Мен оның қандай мұң мен қасіретке душар болғанын елестете де алмаймын.
Оңтүстікте Джун сияқты ер адамдар жайлы «оның көңілінен шығу қиын, ол — перфекционист» дейді.
Мен оны бұлай тым жұмсақ сипаттамас едім.