Фрагмент книги «Соғыс өнері»
І бөлім
Алдын ала есептеулер
1. Сұн зы: «Cоғыс — мемлекет үшін ұлы іс, ол өмір мен өлімнің негізі, өмір мен өлім жолы. Мұны түсіну керек», — дейді.
2. Демек, ол бес құбылысқа негізделген (ол жеті есеппен өлшенеді және олар арқылы жағдайды анықтайды).
3. Біріншісі — Жол, екіншісі — Аспан, үшіншісі — Жер, төртіншісі — Қолбасшы, бесіншісі — Заң.
Жол — билеушінің ойы мен халықтың ойы бірдей болатындай дәрежеге жеткенде, халық басшысымен бірге өлуге де, онымен бірге өмір сүруге де дайын болғанда, ал басшы қорқынышты да, күмәнді де білмейтін кезде ашылады.
Аспан — жарық пен қараңғы, суық пен ыстық, бұл уақыт тәртібі.
Жер — алыс пен жақын, тегіс пен бұдыр, кең және тар, өлім мен өмір.
Қолбасшы — ақылдылық, бейтараптық, адамгершілік, батылдық, қаталдық.
Заң — әскери құрам, басқару және қамтамасыз ету. Бұл бес құбылысты естімеген қолбасшы жоқ, оларды игерген қолбасшы жеңіске жетеді; ал меңгере алмағаны жеңіліс табады.
4. Сондықтан соғыс жеті есеппен өлшеніп, осылайша жағдай анықталады.
Қолбасшылардың қай бірі Жолдың иесі? Қай қолбасшының өнері басым? Аспан мен Жерді кім пайдаланды? Ережелер мен бұйрықтарды кім сақтайды? Кімнің әскері мықты? Кімнің офицерлері мен сарбаздары жақсырақ дайындалған? Кім дұрыс марапаттап, лайықты жазалайды?
Осылар арқылы мен кімнің жеңетінін, кімнің жеңіліс табатынын білетін боламын.
5. Егер қолбасшы менің есептеулерімді меңгеріп барып, өз қолданысына жаратса, ол міндетті түрде жеңіске жетеді. Мен онымен бірге боламын. Егер қолбасшы менің есептеулерімді меңгермей тұрып қолдана бастаса, ол жеңіліске ұшырайды. Мен оны тастап кетемін. Егер ол менің есептеулерімді пайдаға асыру ойымен үйренетін болса, үйренгендерін ол соғыстан да тыс жерде пайдаға асыруына болады.
6. Күш — тиімділікке сәйкес тактиканы қолдану қабілеті.
7. Соғыс —…