Фрагмент книги «Қызыл көктем зауалы»
Байсала ауылы қаладан жырақтағы тұйықта, тау ішінде орналасқандықтан ба, бұл жақтың табиғаты әлі адамзаттың уытты табанымен таптала қоймаған, пәк күйінде жатқандай. Бәлкім, мұнда бір гәп те болар… Бұл маңдағы алқапта ертеректе тек қызғалдақтар мен сарғалдақтар өсуші еді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, он жылдай бұрын осы маңды қызыл гүлдің ерекше бір түрі жерсініп, біртіндеп алқапты басып алған.
Бұған көпшілік көндіге алар емес, қызыл алқаптың күндізгі көрінісі соншама әп-әдемі болғанымен, кейін жиі орын алған келеңсіз оқиғалар жергілікті елдің жауығуына әкеліп, кейбіреулер күз мезгілінде жел жағынан өрт қойып, алқаптағы гүлді отқа орандырып жоймақ та болды. Бірақ жабайы гүлден оңай құтыла салу мүмкін емес екен, көктемде қайтадан өртең жердің үстіне өршелене қаулап шығып, қаламен қатынасқан жолаушылардың із-түзсіз жоғалуы жиілей түсті.
Қаламен қатынастың тек жалғыз жол арқылы жүзеге асырылуына байланысты жолаушылаған ел үнемі аталмыш қызыл алқапты басып өтуге мәжбүр болатын. Бұл жазықтың қақ ортасынан жарып салынған тас жолдың асфальты жыл сайын сапасына аса мұқияттықпен қарап салынса да, көктем шыға асты ойдым-ойдым жарылып қопарылып, жөндеуді қажет етіп тұратындығы ауыл әкімшілігінің бірден-бір түйткілді мәселесіне айналған. Әкімді сыртынан табалап, жемқор деп жазғырғандардың сөзі өтіп, тексерістер жиілеп, бірнеше әкім ауысып та үлгерді. Бірақ жол жылда қар кете шұрық-шұрық тесіліп, шұңқырланып жатқаны…
Біраз уақыттан бері халық арасында «жолаушылардың жоғалуына бірден-бір себеп — осы гүлді алқап, сол маңнан жүрсең, жер жұтып алады» деген қауесет тарап, тұрғындардың зәресін ұшырып, көпшілік кешкісін жол жүруден қалған еді. Бастапқыда некен-саяқ кешқұрым жүрген еркектер жоғалса, кейін күндіз жолға шыққан ер адамдардың да себепсіз ғайып болып кетуі орын алған. Көпшіліктің бұған сенгісі келмесе де, жоғалғандардың жиілеуі халықтың наразылығын тудырып, полицияға арыз түсіп, іздестіру шаралары да ұйымдастырылған болатын. Алайда қомақты жұмыс атқарылса да, нәтижесіз қалды, «мұның мәнін қайтсем де табамын» деп жігерлене іске кіріскендердің талайы хабарсыз жоғалып кетті.